Ақтөбеде мемлекет пайдасына 1,3 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбеде мемлекеттік сатып алу кезінде заңбұзушылықтар анықталды.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Ақтөбе қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында мемлекеттік мүдделерге зиян келтірген бұзушылықтарды анықтады.

Белгілі болғандай, тапсырыс берушілер қалалық инфрақұрылымдық жобалар бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған жосықсыз мердігерлерден шарттарды қамтамасыз ету сомасын және аванстық төлемдерді өндіру жөнінде шаралар қабылдамаған. 

— Сонымен қатар, лизингтік компаниямен қаланы абаттандыру үшін арнайы техника сатып алуға арналған шартты орындау шеңберінде 556 миллион теңгеден астам сомаға бюджеттік қаражатты артық төлеуге жол беріліп, кейін ол толығымен бюджетке қайтарылды. Нәтижелері бойынша мемлекет пайдасына 1,3 млрд теңгеден астам өндірілді. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Жалпы биылғы жылдың 9 айында облыс прокуратурасы бюджетке 10,1 млрд теңге өндіріп алуды қамтамасыз етті. 

Бұған дейін Ақтөбеде құны 1,7 млрд теңгеден асатын жер учаскелері мемлекетке қайтарылғанын жаздық.