Ақтөбе облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының жаңа басшысы Қайрат Қуантайұлы облыс активіне таныстырылды. Жаңа басшыға мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысты жетілдіруге қатысты бірқатар міндет жүктелді.
Қайрат Қуантайұлы 2004 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін халықаралық экономика мамандығы бойынша, 2018 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің экономика және басқару кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
- Еңбек жолының басым бөлігінде Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік, экономика және қаржы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу салаларындағы бөлімдерінде қызмет атқарған. 2021–2023 жылдары Хромтау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп келді. Ал бұған дейін мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы қызметін атқарған Амангүл Қаратаева өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Ақтөбеде екі басқармаға жаңа басшысы тағайындалды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметін Медет Ысқақов атқарады. Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын Адайбек Есенаманов басқарады.