Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабалауынша, Қандыағаш пен Ақтөбе қаласында ем қабылдаған науқастың бәрі өз үйіне оралды. Ал полиция тергеуді жалғастырып жатыр.
— Ақтөбе облыстық санитариялық-эпедемилогиялық бақылау департаментінен сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Тергеу жалғасып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жансерік Кульмановтың хабарлауынша, зерттеу қорытындысы полицияға жолданды.
- Мейрамханада жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, тағам өнімдерін дайындау және сақтау технологиялық үдерістері бұзылған, қызметкерлер жеке бас гигиенасы талаптарын сақтамаған әрі міндетті медициналық тексеруден өтпей жұмыс істеген. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша тағам өнімдерінің сынамаларынан ішек инфекцияларының қоздырғыштары, сондай-ақ патогенді және шартты-патогенді микрофлора анықталды. Аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Мұғалжар аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады,- деді Жансерік Кульманов.
Жалпы Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына барлығы 188 шұғыл хабарлама түскен. Астан уланғандардың 15-і бала. Оларға орташа ауыр дәрежеде түсіп, емделді.
Еске салайық, 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды.
Жаппай астан улану фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қоғамдық тамақтану нысанының жұмысын уақытша тоқтатты.