Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясының өсімі 5,4% жетті. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жаңа қаулы шығарды.
«Барлық медициналық ұйымдарда (ауруханалар, емханалар, стоматологиялық, гинекологиялық) науқастарды жоспарлы стационарлық және амбулаториялық емдеуге қабылдауды уақытша тоқтату қажет. Емдеу мекемелеріндегі карантин жалғасады. Қашықтан дәрігерлік консультация беру және қабылдау қызметін ұйымдастыру қажет. Науқасқа, жүкті әйелдерге, байланыста болған адамдардың үйіне бару арқылы медициналық бақылауды жүргізу міндеттеледі. Стоматологиялық, гинекологиялық және басқа медициналық ұйымдардың жұмыс режимін 8: 00-ден 17: 00-ге дейін шектеледі. Емдеу мекемелеріндегі кәсіби медициналық, кезекті скринингтік және флюрографиялық тексеру уақытша тоқтатылды», - деді Н.Беркімбаева.
Сонымен бірге үйде карантинде отырған адамдар үшін уақытша еңбекке жарамсыздық парағын медициналық ұйымдарға бармай рәсімдеу ұйымдастырылады. Пациенттерді тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде рецептер онлайн беріледі, үйіне жеткізіледі.
«Медициналық ұйымдардың базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халық арасында ПТР тестілеумен қамтуды кеңейту, ауруханаларда инфекциялық және провизорлық кереует санын көбейту, өңірде бар ресурстарды пайдаланып, науқастарды КТ-зерттеумен қамтамасыз ету, үйінде жатқан пациенттерге амбулаторлық-емханалық көмек беру сапасын арттыру міндеттелді. Ауруханадағы медициналық қызметкерлерінің өзге бөлімдерге емін-еркін баруын шектеу қажет. Науқастарға туыстарының келуіне тыйым салынды», - деді Н.Беркімбаева.