Ақтөбеде нөсер жауын кезінде көмек сұрайтын адамдар көбейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ахуал орталығына 1500 шақырту түсті. Көбі су сору қызметін сұрады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде әлі де нөсер жаңбыр жауып тұр. Ассенизаторлардың қызметі тәуліктік режимге көшіп, 110 мың текше метр су сорылды.

— Қала аумағында жаңбыр суын төгетін 30 орын бекітілген. Қазіргі таңда екі ауысыммен 110 ассенизатор және 5 насос станциясы, мотопомпалар жұмысын жалғастырып жатыр. Қазгидромет мәліметі бойынша әлі де бір апта нөсер жауын болады. Осы уақытқа дейін жылдық нормаға жуық жаңбыр жауды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, Ахуалдық орталыққа бір тәулікте 1500-ге жуық өтініш түсті. Соның 1200-ге жуығы орындалды. Үйлерге су кірмеді. Тек аула ішінен су сору жұмысы жүргізілген. Қалалық әкімдік су сору жұмыстары үшін кейбір көшені уақытша жапты.

Еске салсақ, облыс орталығында үш күнде айлық нормаға жетер жаңбыр жауды. Қазіргі кезде су сору жұмыстарын жүргізетін мердігерлер тәуліктік кезекшілікке шықты.