Ақтөбеде оқушы өліміне қатысты іс сотқа түсті

Фото: Norma.uz

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Темір ауданы Қопа ауылындағы 9-сынып оқушысы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты іс сотқа түсті. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған қылмыстық оқиғадан кейін тергеу 6 айға созылып, аяқталды. Прокуратура істі сотқа жібергенін бүгін хабарлады.

- Істі облыстық полиция департаменті тергеп, процестік прокурор тағайындалды. Ол толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етті.
Анықталғаны өткен жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданының Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын «тәрбиелік мақсатта» ұрып-соққан. Салдарынан кәмелетке толмаған Нұжан Сыдық ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды. Тергеу барысында 6 кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынды. Олардың біреуінің ісі Қылмыстық кодекстің «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша сотқа берілді. Ал қалған бесеуі Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасауды ұйымдастырғаны (Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылып отыр. Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс сотқа түсті. Әзірге сот алды тыңдауы болатын күн анықталмады. 

Еске салсақ, былтыр Ақтөбенің Қопа ауылында жанжалдан соң оқушы көз жұмған еді.  Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Ақтөбе облысы Қопа ауылына барып, мектепте сауалнама жүргізіп, әлемжеттік бар екенін анықтаған еді.  Қылмыстық істі тергеу кезінде екі рет бабы ауыстырылды. Қаңтарда тергеу аяқталып, іс танысу үшін тараптарға берілген еді.