Бұған дейін хабарлағанымыздай, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бексұлтан Елемесов бастауыш сынып оқушысын киім алмастыратын бөлмеге кіргізіп, тізесіне отырғызып алған. Кейін нәпсіқұмарлық сипатта күш қолданған .
Бүгін Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық есік жағдайында үкім шығарды. Айыпталушы Бексұлтан Елемесов Қылмыстық кодекстің «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Б.Елемесовты балабақша, мектепте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот сотталушыға жаза тағайындағанда оның шын өкініп, кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын, тұрғылықты жері бойынша жағымды мінездемелер берілгенін ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жай сотта анықталған жоқ. Сот шешімімен Бексұлтан Елемесов Қылмыстық кодекстің «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы балабақша, мектепте жұмыс істей алмайды»,- деді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жас маман жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған екен.