Ақтөбеде омыртқа жарығы отасына жүгінетін науқастар саны артты

Фото: Freepik

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Былтыр 110 науқасқа ота жасалды. Олардың кейбірі екі аяғын баса алмай, шұғыл көмекке жүгінді. 

Омыртқа жарығы отасы елімізде тегін жасалады. Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы да, шұғыл көмек қажет кезде де көмек көрсетіледі.

— Науқастар аяғы ұйып, бастырмай қалғанда, кіші дәретке бара алмағанда шұғыл түседі. Бұл дегеніміз жүйке жүйесі қысылып қалғаны, омыртқада жарық бар. Отадан соң науқас адам бірден аяғын басып, жүре алады. Оған бір тәулік қана жеткілікті. Адамда омыртқа жарығы ауруы қайталануы мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмаймыз. Қазір расымен де мұндай дертке шалдыққан науқас көп. Оның жасына, дене салмағына қармайды. Толық адам да, салмағы қалыпты адам да дертке душар болуы мүмкін. Негізі қозғалысы аз, үнемі отыратын адамда кездеседі жиі. Ауруханада ота тегін жасалады, — деді Көпсалалы облыстық ауруханасының нейрохирург дәрігері Нұрсұлтан Айтмұратов.

Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорының Ақтөбе облыстық филиалының хабарлауынша, кейінгі жылдары омыртқа жарығы диагнозымен ем іздеп келушілер саны артты. Былтыр 110 науқас ем алды. Міндетті-медициналық сақтандырылған науқас үшін қызметтің бәрі тегін жүргізіледі.

— Былтыр сәуір айында белім ауырып, күзде оң жақ аяғым ұйып қалды. Арада айлар өткенде жағдайым нашарлай бастады. Кейін МРТ-ға түсіп, омыртқа жарығы диагнозы қойылды. Дәрігер тек ота жасағанда ғана аяққа тұратынымды айтты. Ауруханаға жатқанда бір күн отаға дайындады, екінші күні жасады. Бәрі сәтті өтіп, аяғыма жан бітті. Өзім жүргізуші болып жұмыс істеймін. Салқын тиіп, ауыр көтергеннен де болуы мүмкін екен. Бәрі артта қалып, ем алдым, — деді науқас Думан Демеуғалиев.

Айта кетейік, Таразда алғаш рет бір жасар балаға бас сүйек жіктерінің ерте бітуіне байланысты күрделі ота жасалды. Операция республикалық мамандандырылған орталықтарға жолдамасыз-ақ облыстық балалар ауруханасының базасында жасалып, Жамбыл өңіріндегі балалар нейрохирургиясының дамуына маңызды серпін берді.