Ақтөбеде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қорытындыланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Аудандарда кейбір кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатып, ірі жобалар аяқталды. Салдарынан жекелеген салаларда төмендеу бар.
Ақтөбе облысы әкімдігі 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысын шығарды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және саудада көрсеткіш 100 пайыздан асты. Алайда аудандардың бәрі бірдей қойған межеге жете алмады.
— Талдау нәтижесінде инвестиция тартуда Мұғалжар ауданында, өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша Ырғыз, Қобда, Алға және Хромтау аудандарында төмендеу анықталды. Жекелеген салалардағы төмендеу бірқатар кәсіпорынның уақытша тоқтауына, ірі жобалардың аяқталуына және сыртқы экономикалық факторларға байланысты. Құрылыста да жаңа инвестициялық жобалардың болмауына байланысты жұмыс көлемінің азаюы байқалады, — деді басқарма басшысы.
«Ауыл — ел бесігі» жоба аясында былтыр 11,3 млрд теңге бөлінді. Барлығы 53 жоба іске асырылуы тиіс болса, оның тек 44-і іске асты.
Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиевтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында облыстық бюджеттің меншікті кірісі 311,3 млрд теңге болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,3% артық. Өсім корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салықтар, акциздер, қоршаған ортаға теріс әсер үшін төлемдер және жер учаскелерін сатудан түскен кірістер есебінен тіркелді.
— Жиында шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдау, салық базасын кеңейту, жеке және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөлу қажет екені айтылды. Басшылар атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылап, проблемаларды жедел шешіп, нақты нәтижелер туралы ақпарат беріп отыруы тиіс. Тапсырмаларды орындамағаны, жұмыстың сапасыздығы немесе жобалардың кешігуі үшін қатаң тәртіптік шаралар қолданылады, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбеде биыл 164 мың гектар жер телімі қайта айналымға шығарылады.