Ақтөбе қаласында Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Қаладағы Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігі 10 сағатқа жабылып, тұрғындардың алаңсыз концерт тамашалауына, түрлі көрме-жәрмеңкеге қатысуына мүмкіндік жасалды. Өңір жұртын облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
«Наурыз жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен береке мен бірліктің бастауы, ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. «Бұл күнге де аман-есен жеттік» деп халық мәре-сәре болып, өкпе-ренішті ұмытып, бір қазаннан наурыз көже ішіп, тойлатқанын білесіздер. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, егін салған. Наурыздың осы қадір-қасиетін айшықтайтын тұжырымдама бекітілді. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн, мәнге ие болды», - деді Асхат Шахаров.
Орталық алаңдағы киіз үйдің бәрінде түрлі мекеменің көрмесі ұйымдастырылған. Оларға қаладағы білім беру және мәдениет мекемелері жауапты болды.
«Көрсемсурет лицейі, қаладағы «Дүние» колледжі бірігіп, ұлттық бұйымдарды көрмеге қойдық. Келі-келсап, қыз жасауы секілді түрлі бұйым бар. Адамдар өте көп келіп жатыр. Әжелер кимешектің үлгісін қарап, киіп көрді. Біз жылда Наурыз мерекесіне қатысып жүрміз. Бір кездері әз- Наурызымыз ұмыт қалса, қазір қайта жаңғырды. Үлкендер ғана емес, балалар да салт-дәстүрге құштар. Балалар өз тегі мен ата-бабасын осыдан ұғып, сезініп өседі», - деді тарихшы Алмагүл Қайралапина.
Ал музей қызметкерлері болса ұлттық бұйымдарды көпшілікке таныстырды.
«Түйе саууға арналған түйемойнақ көрмеге қойылды. Бұл бұйым теріден жасалған. Бие саууға арналған көнек те бар. Оны ақтөбелік шебер Нұрлан Жақыбаев жасаған. Торсық, қоржын да көрмеге әкелінді. Қазақ қыздарының, ер азаматтарының ұлттық киімі де көпшілік назарына ұсынылды. Қасқыр, түлкі терісі де бар», - деді Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова мемориалды музейінің экскурсия жүргізушісі Әсемгүл Амангелді.