Ақтөбеде өтетін гір көтеруден әлем чемпионатына 700-дей спортшы келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айында Ақтөбеде гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен чемпионатты ұйымдастыру комитетінің отырысында жария етілді, деп жазады «Ақтөбе» газеті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, гір көтеру спортынан әлем чемпионаты қазан айының 26-30 күндері «Қоныс» спорт сарайында өтеді. Дайындық жұмыстары тамыздың жиырмасынан басталады. Ұйымдастыру комитетінің құрамына облыстық федерация өкілдері мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері кіреді. Чемпионатқа 35 елден  700-ге тарта спортшы қатысады. Қатысуға  өтініш беру қыркүйектің екінші жартысында аяқталады.

Жиында Бердібек Сапарбаев шараны  жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.

- Бұл - өңірдегі спортты дамытуға және ілгерілетуге ықпал ететін маңызды шара. Біз чемпионаттың жоғары деңгейде өтуі үшін бар күшімізді салуымыз керек, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі әлемдік деңгейдегі спорттық бәскелестікке дайындық кезінде еліміздің ұлттық ерекшелігін көрсету керектігін атап өтті.