Ақтөбеде өткен ауқымды экоакцияда жастар қоқыс жинап жарысты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «JasylCross — 2026» экологиялық плоггингіне 500-ге жуық жас қатысып, бір күннің ішінде 1317 қап қоқыс жинады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Богослов тасжолы бойында өткен ауқымды экологиялық акция өңірдегі ең ірі бастамалардың біріне айналды. Шараға жас экобелсенділер, волонтерлер, жастар ұйымдарының мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары және қоғам белсенділері қатысып, табиғатты тазарту ісіне өз үлестерін қосты.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Плоггинг форматындағы жарыс барысында қатысушылар белгіленген аумақта жүгіру және жаяу қозғалу арқылы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Нәтижесінде бірнеше сағаттың ішінде аумақтан 1317 қап қоқыс шығарылып, табиғи орта тазартылды.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Қазылар алқасы командалардың белсенділігі мен жиналған қалдықтардың көлемін бағалап, үздіктерді анықтады. Қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен екі команда кубок және медальдармен марапатталды. Ал жарысқа қатысқан өзге командаларға алғыс хаттар табысталды.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Акцияның басты мақсаты — жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамда тазалық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту және қоғамда тазалық құндылықтарын дәріптеу.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Атамекен» студенттер отряды жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұржан Шаңғытбаевтың сөзінше, мұндай жобалардың қоғам үшін маңызы зор.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

— «JasylCross — 2026» экологиялық плоггингі — жастардың табиғатқа деген жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсететін маңызды бастама. Біз әрбір жасты қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкеміздің тазалығын сақтауға өз үлесін қосуға шақырамыз. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілік құндылықтарын нығайтады. Таза табиғат — жарқын болашақтың кепілі, сондықтан бұл игі іске белсенді қатысу — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, — деді ол. 

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «JasylCross — 2026» экологиялық плоггингі дәстүрлі шараға айналып келеді және алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Өйткені бастама жастардың қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, табиғатқа жанашырлықтың сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетінін тағы бір мәрте көрсетіпті.