Ақтөбеде өз құқығын қорғайтын тұтынушылар саны өсті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2020 жылы 700-ден астам ақтөбелік тұтынушылар құқығын қорғау органдарына жүгінсе, былтыр олардың саны үш есеге артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын құқығы бұзылған тұтынушалар бірден сотқа жүгінетін еді. Қазір ең алдымен қызмет көрсетушіге барып, өз шағымын айтуы керек. Оған 10 күн ішінде жауап бермесе департаментке шағымдана алады. Мәселен бізге бір тұтынушы хабарласты. Пальтосын химиялық тазалауға берген. Негізі сырт киімінің құны 70 мың теңге. Тазалудан кейін алғанда пальтода дақ пайда болды. Арыз сатылардан өтіп, іс сотта қаралды. Тұтынушы материалдық, моральдық, тіпті сот шығынын өндіріп алды»,- деді Ақтөбе облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева «Ақтөбе» телеарнасында өткен «Ой түрткі» бағдарламасында. Оның айтуынша, сөредегі мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі де соңғы кезде жиі кездесе бастаған. Тауар салмағы да сәйкес келмей жатады.

2020 жылы Ақтөбе облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 700-ге жуық адам шағымданып барса, былтыр үш есеге артып, 2014-ке жетті. Олар қазір полиция қызметкерлерімен де тығыз жұмыс істейді. Себебі өңірде алаяқтық дерегі көбейген.
«Қазіргі кезде адамдар кейбір тауарды әлеуметтік желі арқылы сатып алады. Салдарынан алаяқтық дерегі де артты. Дүкендерде, ірі сауда орындарында ақпараттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірақ нәтиже аз. Интернет дүкендер көп. Алаяқтар да әккі бола түскен. Тауар сатумен қатар қызмет көрсетуді де ұсынады. Банк қызметкері код сұрап, телефон шалмайды. Мұны адамдар түсінуі керек»,- деді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығың орынбасары Берік Боранбаев.