Ақтөбеде Өзбекстан азаматтары мінген көлік аударылып қалды
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы маңында «Toyota Previa» автокөлігі аударылды. Көлік «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданынан Қарабұтақ ауылы бағытында қозғалған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізуші рулге ие бола алмай, оң жолдың жағына аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жүргізушісі мен сегіз жолаушы алған дене жарақатынан Әйтеке би ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
«Жарақат алған жолаушылардың бәрі - Өзбекстан Республикасының азаматы. Белгілі болғандай, олар Қазақстан Республикасының аумағына Түркістан облысы Сарыағаш қаласының «Жібек Жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы өтіп, Атырау қаласына жұмысқа бара жатқан. Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айтып өтейік, облыста шілде айында 32 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 34 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.