Ақтөбеде пара алған әскери қызметкерге қатысты сот үкімі шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бұрынғы бастығы Ғалымжан Жантөрин 40 мың теңге пара алғаны үшін 2 миллион теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғалымжан Жантөрин Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 2 миллион теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалған. Өзіне тиесілі жеке мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, құқық қорғау саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын»,- деді судья Бекболат Тәжімұқан.

Айта кетейік, Қорғаныс істері жөніндегі облыстық департаменттің бұрынғы бастығы полковник шенінен де айырылды. Ол бұған дейін 7 миллилон теңге кепіл ақша төлеп, бір жыл бойы үйқамақта отырған болатын. Сот үкімі заңды күшіне енген соң ол бір ай ішінде айыппұлды төлеуі тиіс. Сонымен қатар, 92 мың теңгеден астам мемлекеттік шығынды төлеуі тиіс.

Еске салсақ, 2016 жылдың маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар ұлттық бюросының облыстық департаменті Ақтөбе облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Г. Жантөринді ұстаған болатын.