Ақтөбеде пәтер алмақ болған 59 адам алаяқтарға алданып қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сотталушылар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы пәтер алуға көмектесетінін айтып сендірген. Барлығы 59 ақтөбелік 160 млн теңге ақшасынан айырылды.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе қалалық сотында М.Ізбасарова, А.Қадралиева, Б.Өтебаева және А.Такеноваға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Сотталушылардың бәрі де бұған дейін алаяқтығы үшін сотталған, рақымшылыққа ілігіп, жазасының бір бөлігі қысқартылған. Сонымен бірге кәмелет жасқа толмаған балалары болған соң жазасын өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілген.

Іс материалына сүйенсек, сотталушылар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы пәтер алуға көмектесетінін айтады. Ол қызметі үшін кейбірінен 400 000 теңге алса, кейбірінің шығыны 14 000 000 теңгеден асты. Осылайша 59 ақтөбелік 160 млн теңге ақшасынан айырылды.

Сот үкімімен сотталушы М.Ізбасарова, А.Қадралиева, Б.Өтебаева және А.Такенова Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Судья «Рақымшылық туралы» Заңына сүйеніп жаза мерзімін 3 жыл 6 айға қысқартты. Қылмыстық кодекстің 74-бабына 1-бөлігіне сәйкес сотталушы М.Ізбасарова, А.Қадралиеваның жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілді. Ал А.Такенова жазасын 2 жылдан кейін өтейді. Сот кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін, сондықтан жаза өтеу мерзімі кейінгі шегерілетінін айтты. Сотталушы Б.Өтебаева сот залынан қамауға алынды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттантырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген соң сотталушылар жәбірленушілердің ақшасын қайтаруы тиіс.

Айта кетейік, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты заманауи телекоммуникациялық технологияларды пайдаланып, алаяқтық қоңыраулар ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың 24 мүшесін кінәлі деп таныды. Сот әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.