Ақтөбеде пәтер мен коттеджге жиналған мектеп түлектерінің ата-аналары жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Түлектер пәтер жалдап, сауық-сайран құрған. Полиция көлік жүргізген түлекті де жауапқа тартты.

Фото: ҚР ІІМ

Ақтөбеде білім саласының мамандары мен полиция рейд ұйымдастырып, бірнеше бұзушылықты анықтады. Мәселен қала мектебінің түлегі ағасының көлігін айдап кетіп, жол сақшыларының назарына ілікті. Полиция хаттама толтырып, көлік айып тұрағына қойылды. Сонымен бірге түлектер соңғы қоңырауды да атап өткен.

- Түлектер жалдамалы пәтерлер мен коттедждерде жиналған. Мәселен жекеменшік мектептің төрт түлегі жалға алған пәтерде кеш ұйымдастырған. Сонымен бірге тағы бір мектептің 12 түлегі коттедж жалдап, түнгі басқосу өткізген.Түнгі сағат 02:00 шамасында 102 нөміріне Ибатов көшесіндегі пәтерлердің бірінде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама түскен. Тексеру барысында аталған пәтерде кәмелетке толмағандардың жүргені анықталды. Барлық факті бойынша балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары жауапқа тартылды. Сонымен қатар жасөспірімдер және олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе облысының полиция департаменті бітіру кештері кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі ата-аналар мен педагогтердің ерекше бақылауында болуы тиіс екенін ескертеді,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кеше Алматыда түлектер автокортежі тоқталып, 21 ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ Жаңаөзендегі түлектердің әрекеті тексеріледі