Ақтөбеде педофил 17 жылға сотталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 12 жастағы мектеп оқушысына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен 40 жастағы педофил сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп оқушысына зорлық көрсеткен педофилге қатысты сот үкімі шықты. Іс материалына сүйенсек, 40 жастағы педофил 2016-2017 жылдары 12 жастағы қызға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалды спитаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған.

«Анасы азаматтық некедегі күйеуінен кетіп қалған соң қызы оған бар шындықты айтып берген. Оқушы қыз анасына күйеуінің туған ағасы зорлық көрсеткенін жеткізіп, тергеу басталды. Тергеу кезінде оқушы 6 жасынан бастап зорлық көргені анықталды. Құқық қорғау органдары баланың өміріне араласып, педофилді ұстап, түрмеге қамады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің «Зорлау», «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» баптары бойынша айыпты деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді. Сотталушы балаларды оқыту және тәрбиелеу мекемесінде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды»,- деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жәбірленуші тарап моральдық залал ретінде 1 миллион теңге өндіріп алады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.