Ақтөбеде полицейлер киберқылмысты ашу үшін үнемі біліктілігін арттырып отырады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде әлі де қалта ұрлығы, мал ұрлығы, алаяқтық қылмыстары азаяр емес. Тұрғындарға ескерту берілгенімен, биыл алаяқтық бойынша 166 іс тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында өңірдің криминогендік ахуалы, құқықбұзушылықты болдырмау жайы айтылды. Облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалхаров алдымен мал ұрлығына тоқталды.

«Мал ұрлығы көктемде емес, күзде көбейеді. Күзде соғым кезі басталады. Жыл басынан бері 41 іс тіркелді. Оның 15-і ашылмай тұр. Қыста далалыққа қараусыз жібереді кейде. Жоғалғанда өздері іздеп, полицияға кеш хабарласады. Боранды күні көбіне жылқы ығып кетеді. Табылатын кезі болады. Күні кеше Байғанин ауданында үш қылмыстық іс қысқарды. Барлығы 16 бас мал табылды. Іздеуге кейде қоғамдық бақылаушылар да көмектеседі»,- деді Серік Шалхаров.
Сонымен қатар алаяқтық ісінің түрі көбейді. Көбіне өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, хабарласатын адамдарға алданады.
«Бұрын ұрлық көп болса, соңғы екі жарым жылда интернет алаяқтық көбейді. Пандемия кезінде адамдар тапсырысты онлайн берді. Қазір бізде 166 іс тіркеулі тұр. Былтырмен салыстырғанда 12% төмендеген. Бірақ тоқтаған жоқ. Қылмыстың осы түрі артқан кезде бір адам емес, киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі ашылды. Бұл қызметкерлерге талап ерекше. Арнайы дипломы болуы керек. Олар үнемі біліктілігін арттырады. Жаңа бағыты кездессе, бейімделеді. Бір ескере кететін жайт. Тек Ақтөбеде емес, республика сондай. Әккі адамдар басқа облыста, елде отырып, ақша жымқыра береді. Көбі Ресейден екені анықталып жатыр. Халықаралық келісім аясында жұмыс істеуге туралы келеді. Аса ауыр, ауыр қылмыстар да бар»,- деді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалхаров.
Қазір Ақтөбеде полиция қызметкерлері оқу жылының соңында қолына диплом алатын жастармен кездесіп, жұмысқа шақырып жүр. Оларға бірнеше бос жұмыс орны ұсынылды.
«Полиция қызметкері болатын адам жауапкершілікті сезінуі керек. Киім киген соң бәрі бізге қарайтыны сөзсіз. Мәселен 20 автокөлік келе жатса, оның ішінде өзгеге емес, полицияға назар аударады. Көлік ішінде белдік тақты ма, маска тағып отыр ма? Бәрін қадағалайды. Қазір Сервистік полиция қызметіне көшіп жатырмыз. Бұл Президентіміздің қойған талабы. Ақтөбе қаласы, Астана ауданы бірінші қалалық бөлімінде пилоттық жоба іске асырылды. Қадамдық қолжетімділік назарға алынған. Осылайша жаңа жүйе енгізіле береді»,- деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов.