Ақтөбеде полиция іске қатысы жоқ адамды сотқа сүйреген

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Мас күйінде көлік жүргізу дерегін тіркеген кезде рульде отырған адам өзгенің құжатын ұсынады. Полиция адамның түр-тұрғасын нақтыламай, сотқа өзге адамды әкеледі. Сот істі тоқтатты.

Фото: polisia.kz

Ақтөбе қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция мас күйінде көлік жүргізген қала тұрғынына әкімшілік хаттама толтырады. Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалды. Егер кінәсі дәлелденсе 15 тәулікке қамалып, көлік жүргізу куәлігінен 7 жылға айырылады. Алайда іс тоқтатылды.

- Көлікті тоқтатқан сәтте рульде болған адам полиция қызметкерлеріне өзін басқаша таныстырып, өзгенің сақтандыру полисін ұсынған. Кейін алкогольдік масаң күйді анықтау мақсатында медициналық куәландырудан өткен. Полиция қызметкерлерін жаңылыстырған, сол сәтте жүргізушінің жеке басы нақты анықталмаған. Ал іс материалдарында көлік құралын құжатта көрсетілген адамның басқарғанын растайтын дәлел жоқ. Дәлелдемелердің болмауына байланысты іс тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Түркістанда бірнеше жылға көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамай мас күйде рөлге отырған жүргізуші ұсталды.