Ақтөбе облысында бүгін 530 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Халық санының өсуіне байланысты оның алтауы жаңадан құрылды. Облыс орталығында орналасқан №1 орта мектеп №72 референдум учаскесіне Оразғали Шермағанбетов дауыс беру басталған сәтте келіп, азаматтық белсенділігін танытты. Зейнеткер таңғы сағат 07:00-де өз учаскесіне келіп, таңдауын жасап, сыйлыққа ие болды.
– Елімізде өткен саяси науқандарға қатысып келемін. Бүгін де Конституциялық құқымды пайдаланып, азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге келдім, - деді Оразғали Шермағанбетов.
Айта кетейік, қазіргі кезде Референдумда дауыс беру құқығы бар 569 845 адам тізімге енген. Оның 303-іне есептен шығару куәлігі берілді. Бұл – азаматтардың өтініші. Олар өзге орындарда дауыс береді.