Ақтөбе облысындағы референдум учаскелері өз жұмысын 23-ақпан күні бастады. Ал дауыс берушілердің тізімі 27-ақпан күні нақтыланды. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударды. Мониторинг тобы барлық референдум учаскесін қарап, тексеріп шықты. Мұнда кез келген адам еркін кіруі тиіс.
- Ақтөбедегі барлық референдум учаскесі бірінші қабатта орналасқан. Өңірдегі 514 учаскесінің 464 -де пандус бар. Ал 50 учаскеге пандус қажет емес. Әрқайсысының кіреберісіне шақыру батырмасы орнатылған. Одан кейін тактильді көрсеткіштер арқылы бағыт-бағдар алады және ол туралы «Қолжетімділік картасы» порталына енгізілген. Дауыс беру учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар да қарастырылған. Онда компьютер, құлаққап, үлкейткіш әйнек, Брайль трафареті, аудиобюллетень және Конституцияның аудиожобасы бар. Дауыс беру күні 18 сурдоаудармашы және 79 инватакси ұйымдастырылады. Мүгедектігі бар азаматтарға көмек беріп, қолдау көрсету үшін еріктілер мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтық референдум комиссиясы.
Ақтөбеде 3 529 мүгедектігі бар адам референдум күні таңдау жасай алады. Оның тең жартысының көру қабілеті бұзылған. Ал 35-і Брайль шрифтін пайдаланады.
Айта кетейік, биыл 17 мыңға жуық ақтөбелік алғаш рет таңдау жасайды. Оның 48-і сол күні 18-ге толады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында 503 референдум комиссиясы болса, соның 14-і – аумақтық комиссия. Мұнда 98 адам, соның ішінде 46-сы тұрақты негізде жұмыс істейді.