Елімізде «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы жалғасып жатыр. Он күннің ішінде Ақтөбенің полиция бөлімдеріне 294 кәмелетке толмаған жеткізілді. Бұл дерек бойынша барлығы 313 әкімшілік хаттама толтырылды. Балаларының тәрбиесімен айналыспаған ата-анаға 34 хаттама берілді.
— Кәмелет жасқа толмаған балаларды заңды өкілсіз, ата-анасыз ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін 4 әкімшіге хаттама толтырылды. Ол жерлерде 5 бала болды. Рейд кезінде көбіне балалардың түнде еш бақылаусыз жүру дерегі көп тіркелді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бабы бойынша 249 хаттама толтырылды, — деді Ақтөбе облыстық ПД ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Ботакөз Жалекешова.
Оның айтуынша, 8 дүкен иесіне 21 жасқа дейінгі азаматтарға ішімдік сатқаны үшін хаттама толтырылды. Іс сотқа жіберілді. Дүкен иелері алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылып, айыппұл төлеуі мүмкін.
— Көшеде жүрген 7 бала «Аяла» бейімдеу орталығына жеткізілді. Олар заңды өкілсіз, ата-анасыз түнде қалада жүрген. Барлығы 15 бала есепке алынды. Сонымен бірге баласын қараусыз қалдырған 7 ата-ана да тізімге ілікті. Олар ішімдік ішетін отбасы. Қазір жастар бәкі ұстап жүр. Мұндай 2 дерек тіркелді. Бұл жерде де ата-аналарға балаларын қарамағаны үшін хаттама толтырылды. Сонымен бірге есірткі жарнамалары бары 22 сайт бұғатталды, — деді Ботакөз Жалекешова.
Алматы облысында оқушы өз сыныптасын өлтірді деген күдікке ілінді. Желідегі мәліметке сәйкес, қайтыс болған жасөспірім 11-сыныпта оқыған.