Ақтөбе облысында табиғат қорғау прокуратурасы шараларымен анықталған заң бұзушылықтар бойынша ветеринариялық зертхананың қызметі тоқтатылды.
«Тексеру барысында ветеринариялық-санитариялық ереже талаптарының бұзылғаны, үй-жайларды желдету, сумен жабдықтау, жылу жүйелері, сараптаманың әртүрлі түрлерін жүргізуге арналған жеке үй-жайлардың, сойылған жануарларды қарап-тексеру және ветеринариялық сараптаманы есепке алу журналдарының жоқтығы анықталды», — делінген хабарламада.
Кейбір зертханаларда етті тексеруге арналған құрал-жабдықтар мен химиялық реагенттер болмаған. Сонымен қатар, Ақтөбеде рұқсатсыз жұмыс істеген ветеринарлық зертхана анықталды.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 1 зертхананың қызметі тоқтатылды, 4 зертхана 370 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.