Ақтөбеде сараптама комиссиясы лифттерді тексеруді бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы барлық лифт тексеріледі. Сараптама комиссиясы бүгін жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында лифттерді тексеру жұмысы басталды. Бүгін комиссия мүшелері 5 ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің лифт жұмысымен танысты.

«Тексеру басталды. Ақтөбе қаласындағы 129 көпқабатты үйдегі 280-нен астам лифттің қолдау мерзімі 25 жылдан асқан. Бәрін қараймыз. Комиссия құрамында тұрғын үй инспекциясы, жауапты мамандар бар. Біз құжаттарын қараймыз, техникалық негіздемесі тексеріледі. Шешім тексеруден соң шығарылады»,- деді Ақтөбе облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, өндірістік-техникалық бөлім басшысы Самат Лепесов. Бұл мемлекеттік мекеме лифттерді тіркеп, қолданыстан шығару құжаттарын ғана қабылдайды. Бірақ тексеру мекеменің құзырына кірмейді.

«Мен басқаратын пәтер иелері кооперативінде 6 лифт бар. Лифттердің бәрі жұмыс істейді, бірақ қандай да бір шара қолдану керек. Ерте ме, кеш пе, бұзылады. Қайғылы оқиға кез келген уақытта қайталануы мүмкін»,- деді пәтер иелері кооперативінің төрағасы Мұрат Табынбаев.
 

Лифт жұмыстарын төтенше жағдайлар қызметі тексеріп шыққан. Сол кезде Ақтөбе қаласы бойынша барлық лифт уақытша тоқтатылды. Жоғары қабатта тұратын қариялар өз қарсылығын білдірген.

«Комиссия барлық лифтіні тоқтату керек деп отыр. Енді лифттерге қызмет көрсететін мекемелерге барып, хат жазамыз. Олардың шығарған шешімін әкімдікке береміз. Шын мәнінде лифттер 30 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Қолдану мерзімі өтті. Жаңасын алу мүмкін емес. 7-8 миллион теңгені тұрғындар төлей алмайды»,- деді Мұрат Табынбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтте қайғылы оқиға тіркеліп, 28 жастағы журналист қаза болды.



Кейін қаладағы ескі лифт уақытша жұмысын тоқтатты.