Ақтөбедегі Кірпішті ауданында Зеленый, Зеленая долина, Кирпичник, Голубой огонек, Гүлдер және Гауһар бау-бақша ұжымдарында ағаш пен үйлер өртенді. Аумағы 40 га жетті.
«Құрғақ шөп пен ағаштар жанып,барлығы 37 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Өртті сөндіруге 150 адам мен 16 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.
Ешкімге медициналық көмек көрсетілген жоқ, дегенмен адамдар жалғыз баспанасынан айырылды. Өртті сөндіруге зауыттан, әуежайдан, Әуе қорғаныс күштері әскери институты мен орман шаруашылығынан адамдар және техника жұмылдырылды.
«Екі күн бұрын саяжайдағы үйдің шатырын жауып, еденін төседім. Өрт шыққан кезде бәрі күлге айналды. Қазіргі шығынымыз 350 мың теңге болды», - деді саяжай тұрғыны Берік Ақшолақов.
Бау-бақша ұжымдарында жеміс ағаштары да жанып кеткен. Ағашпен қоршалған аула да күлге айналды.
«Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Біреу дәнекерлеушілердің ісі деп отыр. Бірақ нақты қашан басталғанын да білмей отырмыз», - деді Зеленый бау-бақша ұжымының басшысы Владимир Одноноздрев.