Ақтөбеде саяжай үйлері мен құрғақ шөп өртеніп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өрт Алға қаласы аумағында тұтанды. Қазір өртті сөндіру жұмысы жүріп жатыр.

Видеодан алынған кадр

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіруге ТЖД күштері мен құралдары, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

- Барлығы шамамен 85 адам және 20-дан астам арнайы техника тартылған. Өрт орнында жұмылдырылған барлық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Штаб жұмысын, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын ТЖД бастығының орынбасары үйлестіреді. Құтқарушылар өртті оқшаулау және толық сөндіру бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр, деп хабарлады баспасөз қызметі.

Алға ауданының әкімі Асланбек Сүйіншалиевтің хабарлауынша, мұнда адамдар жаз мезгілінде келіп, бау-бақша егеді.

- Адамдар тұрақты тұрмайды. Жазғы уақытта 50-ге жуық учаске ғана игеріледі. Адамдар күндіз барып, бақшасын суарып, Алға қаласындағы үйлеріне қайтады. Жалпы бау-бақша үйлерінің 95%, қаңырап тұр. Иелері бір кездері тастап кеткен,- деді ол.

Айта кетейік, Қарағанды облысында бір тәулікте 280 гектар аумақтағы 4 табиғи өрт сөндірілді. Өрттерді сөндіру жұмыстары жер бедерінің кейбір учаскелерінің қолжетімсіздігі және желдің екпіні салдарынан қиындады.