Ақтөбеде сексуалдық зорлық көргенін айтқан мектеп оқушысының отбасы буллингке ұшырады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - 15 жастағы оқушының ата-анасы, бауырлары полицияға шағым түсіріп жатыр. Олар ауыл ішіндегі жағдайға алаңдаулы.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы ауылдардың бірінде болған оқиға бойынша сот алды тергеу жұмысы жалғасып жатыр. Ал оқушы қыздың ата-анасы мен бауырлары өздеріне қарсы буллингтің басталып кеткенін айтып, дабыл қақты.

- Менің 15 жастағы сіңліме ересек адамдар қысым, буллинг жасалып жатыр. Ауылға блогерді шақырған. Өздері және олардың туыстары біздің қызды балағаттап, жаман сөздер айтқан. Оны түнде көріп, барлық отбасымызбен ұйықтаған жоқпыз. Қыз үйден қашып кетіп, өзіне қол жұмсағысы келді. Ол кішкентай, не істерін өзі білмейді. Буллингке қатысты шағым түсіреміз. Біздің әулеттің, отбасымыздың абыройын жерге таптап отырған адамдарды, ешкімді кешірмейміз. Бәрінен әділетті, заң түрінде жауап аламыз,- деді жәбірленушінің апасы Ақмарал Әжғалиева.

Қорғаушының айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1 бөлігі бойынша сараланған. Сондай-ақ буллингке қатысты арыз түсірді.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

- Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, қауесеттер мен расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз,- деді полицияның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде 22 жастағы жігіт мектеп оқушысын зорлады деген күдікке ілікті. Күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды.