Ақтөбеде шаруалардың көбі мал азығын дайындап алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде шаруалардың көбі қысқы мал азығын дайындап алды. Қазір жем-шөптің 96,8% әзір, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл шамамен миллион бас мал қыстайды. Төрт түлікке бір жарым жылдық жем-шөп дайындалып жатыр. Бұл шамамен 2,8 млн тонна болады. Қазіргі кезде оның 96,8% дайындалған. Сонымен бірге 6 мың тонна пішендеме, 8 мың тонна сүрлем, 12 мың тонна сабан дайындау жоспары бар.

«Көктемгі-күзгі маусымдық мал азығын дайындау үшін 189 572 га жер уақытша пайдалануға беріліп, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша шөп шабу науқанына барлығы 10,8 мың ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 2,8 мың трактор, 2,1 мың трактор тіркемесі, 2,7 мың шөп шабатын машина, 1,8 мың шөп тырмасы, 1,4 мың пішен пресі қолданылды»,- деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.

Қазіргі кезде бір орам шөп бағасы 5000 теңге. Шамамен салмағы 250-300 келі болады. Ал салмағы 18-23 келі болатын бір тай шөп 450 теңге.

«Өзім шаруашылықты 2014 жылы бастадым. Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында орналасқан. Мүйізді ірі қара бағамын. 140 бас бар. Сол үшін де биыл 3 мың орам шөп жинадым. Оның 700 орамын ауыл халқына саттым. Құны бір орамына 5 мың теңге. Былтыр 3-4 мың теңге болған. Биыл дизель отыны да қымбаттап кетті. Көтерілу себебі осыдан. Ме өзін бір жарым жылдық азық дайындаймын. Мәселен былтыр дайындаған 800-1000 бума шөп қалды»,- деді шаруа Серік Базарбаев.