Былтыр қараша айында Ақтөбе қаласының дағдарыс жағдайларындағы басқару басқарманың кезекші бөліміне жатақханадан өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 25 адам және 7 техника жұмылдырылған. Сол кезде 200 адам эвакуацияланды. Қазір сол үйдің тұрғындары көктемгі жаңбырдан қорқып отыр.
«Бізде пәтер иелері кооперативі жоқ, үйіміз иесіз тұр. Бұған дейін терможаңғыртудан өткен жатақхананы қайта жөндеуге ақша бере алмаймыз. Себебі әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарының қарызын өтеп жүрміз. Өрт кезінде су шашылды. Қыста ол мұз болып қатып, енді көктемде ериді деп қорқып отырмыз», - деді үй тұрғыны Айжан Есболатова.
Тағы бір тұрғын Жәмила Жұмағұлова пәтеріне кіруге қорқатынын айтуда.
«Бесінші қабатта тұратын адамдар үшін қиын. Шатырымыз жоқ, бірер күннен соң суға кетуіміз мүмкін. Шатыр қауіпті. Жел күшейсе жабынды құлып, төмен түсіп жатыр. Балалар далаға шығады. Біреуінің басына түсіп кетсе, мүгедек болып қалады», - деді Ж. Жұмағұлова.
Тұрғындар терможаңғырту жұмыстарынан соң қайта қаржы жинау қарапайым халық үшін қиын екендігін айтуда.
«Қазіргі кезде Ақтөбе қаласының әкімдігі қалпына келтіру жұмыстарын қарастырып жатыр. Бұған дейін 4-5 қабатта тұратын адамдарға арнайы көмек көрсетілді. Оларға қаржылай көмек берді. Жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жалпы құны 25 миллион теңгеге шығып тұр. Сараптама қорытындысы да негізге алынады. Бұған дейін терможаңғырту жұмысын жүргізген мердігер компанияның немесе өзге кәсіпкерлер көмегімен қалпына келтіреміз», - деді қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаева.