Ақтөбеде шенеуніктер қаланы автобуспен аралап, жолдардың жай-күйімен танысты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен мәслихат депутаттары жолдардың жағдайымен танысты. Шенеуніктер мен депутаттар қала ішін автобуспен аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы жолдарды бүгін шенеуніктер мен депутатар, БАҚ өкілдері қарап шықты. Биыл құрылыс, жөндеу жұмыстарына барлығы 2,5 миллиард теңге жұмсалады. Оның екеуі өткен жылы басталып, биыл құрылыс аяқталатын «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы жол. Сонымен қатар, «Керуен сити» сауда, ойын-сауық кешені маңына көпір салынып, Сельмаш ауданындағы Арынов көшесінің құрылысы басталады. Әрі Батыс-2 ауданында жаңа үйлерге апарар жолдар салынады.

«Депуттармен бірге жолды қарап жүрміз. Өткен жылы салынған жолдың кейбірі бүлінген. Келісімшартқа сәйкес жолдың бәрін мердігер мекеме өз қаржысына қайта жөндейді. Олар үш жыл бойы қалпына келтіреді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Нокин көшесі өткен жылы салынды, биыл жолдың ақауын көріп отырмыз. Енді мердігер «Ерхат Жолдары» ЖШС-і бәрін өз қаржысына қайта жөндейді. Ауа райына байланысты қазір дайындық жұмыстары жүреді, ал келесі аптада орташа, күрделі жөндеу жұмыстары басталады»,- Ақтөбе қалалық жолаушылар көлілігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали.
 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласының жүргізушілері бастама көтеріп, өткен жылы жөнделіп, жүруге жарамсыз болып қалған жолдарды анықтауға көшті. Олар жолды жөндеу жұмыстарын видеоға түсіріп, бәрін әкімдікке жөнелтіп отырады.
 

«Ақтөбелік жүргізушілер жолдың салынуын да қарауға көшті. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын қадағалайды. Өйткені жол салынады, бірақ көктемде шұңқыр көбейіп тұр. Соның салдарынан көлік жүргізушілері шығынға батып жатыр. Сотқа барып, жауапты қызметкерлерді жауапқа тартуға болады»,- деді бастамашы топ өкілі Динара Қожа.
 

Биыл Ақтөбе қаласында үш жерүсті өткелі салынады. Өткел Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова және 312 атқыштар дивизиясы даңғылдарында болады.