Ақтөбеде шетелдік студенттерді бопсалаған күдікті ұсталды

АҚТӨБЕ.KAZINFORM — Олар бір-бірімен ойын-сауық орындарында танысқан. Телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеп, кейін тағы да ақша бопсалаған.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел іздестіру кезінде 28 жастағы күдіктіні ұстады. Студент кезекті рет ақшаны беріп жатқан сәтте арнайы жасақ пен полиция оқиға орнына барды.

— Шамамен 10 күн бұрын ер адам шетелдік студенттермен танысып, кейін олар бірге қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде уақыт өткізген. Есепшотты төлеуге ақша болмаған кезде күдікті студенттердің бірін қорқытып, телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген. Бірнеше күннен кейін ер адам тағы 50 мың теңге ақшасын иемденген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ШҚО-да жыл басынан бері ақша бопсалаудың 14 дерегі тіркелді. Сәуірде 26 жастағы ер адам танысынан «заңға қатысты мәселелерді шешуге көмектесемін» деген желеумен 200 000 теңге көлемінде ақша бопсалаған.