Ақтөбеде сырғанақтардың қауіпсіздігі тексеріліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі сырғанақтар мен аттракциондарды тексеріп жатыр. Бәрінде қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс.
Ақтөбе қаласында әлі де қар жоқ. Дегенмен демалыс орындары қазіргі кезде сырғанақтардың қаңқасын әзірлер қойып жатыр. Ал қалалық кәсіпкерлік бөлімі олардың талапқа сай болуын қадағалайды.
— Талапқа сәйкес механикаландырылмаған аттракциондар (батут, сырғанақ, тарзанкалар және т. б.) жергілікті атқарушы органға тіркеуге жатады. Осыған орай Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қала аумағында орналасқан аттракциондарды тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексерудің негізгі мақсаты — аттракциондардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, олардың уақтылы кәсіпкерлік бөліміне тіркелуін қадағалау, сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігін сақтау. Тексеріс барысында аттракциондарды қауіпсіз пайдалану және де пайдаланушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау бойынша тиісті ұсыныстар мен ескертпелер берілді, — деп хабарлады Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Солтүстік Қазақстан облысында Петропавлда ғана емес, әр ауданда хоккей корттары, шаңғыны жалға беру пункттері жұмыс істейді.