Ақтөбеде соғыс ардагерлері 2,1 млн теңгеден материалдық көмек алады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында үш майдангер тұрады. Биыл Жеңіс күнінде оларға 2,1 млн теңгеден материалдық көмек беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғыс ардагерлері Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Хромтау аудандарында тұрады.
«Өңірдегі 3 соғыс ардагеріне 2 140 000 теңгеден материалдық көмек көрсетіледі.

Соғыс қатысушыларына теңестірілген 415 адамға 100 мың теңгеден қарастырылған.

Ал Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің 149 жесіріне 50 000-100 000 теңгеден беріледі.

Соғыс ардагерлерін және ардагерлерге теңестірілген азаматтарға облыс және аудан басшыларының құттықтауы ұйымдастырылады. Онлайн форматта «Ер есімі – ел есінде» патриоттық шарасы өтеді», - деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаев.
Айта кетейік, 9 мамыр күні Ақтөбе қаласындағы «Мәңгілік алау алаңында», «Ә.Молдағұлова ескерткіші алаңында», «Данқ аллеясында» құрметті қарауыл қызметі ұйымдастырылып, гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ қаланың 11 алаңында концерттік шаралар ұйымдастырылады. Онда қазақстандық «Жеңіс лентасын» жаппай тарату жоспарланып отыр.