Ақтөбеде студенттерден ақша жинаған колледж оқытушысына қатысты сот басталды

АҚТӨБЕ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Ақтөбе қаласының №2 қалалық сотында медициналық колледждің 26 жастағы оқытушысына қатысты қылмыстық іс қаралуда. С. есімді ұстаз колледж директоры үшін жинап жатырмын деген желеумен өзіне бекітілген топ студенттерінен 90 мың теңге ақша бопсалаған.

Ақша жинау екі әдіс бойынша жүргізілген. Алдымен 35 мың теңге жиналды. Оны жинап алғаннан кейін, жеңіл ақшаға құныққан оқытушы қосымша 55 мың теңге жинап беруді талап еткен. Одан кейін студенттер құқық қорғау органдарына арызданып келді.

Арнайы бояумен белгіленген 55 мың теңгені алу кезінде оқытушыны қаржы полициясы қызметкерлері оқиға орнында құрықталды.