Ақтөбеде студенттерді блокпосттан заңсыз өткізбек болған жүргізуші ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде заңсыз тасымалдау ісімен айналысқан адам ұсталды. Ол студенттерді блокпосттан өткізбек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлері еріктілермен бірге көше тәртібін бақылап жүр. Облыста барлығы 500-ден астам дерек тіркелген. ӘҚБтК-тің «ТЖ режимін бұзу» бабы бойынша 488, ал «ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер» бабымен 26 материал жиналып, сотқа жолданды. Азаматтардың блокпосттарды заңсыз айналып өту фактісі де азаймай тұр. Барлығы 27 дерек тіркелді.

«Полиция Алға қаласы бағытындағы блокпостта ауылдық амбулаторияның «УАЗ» автокөлігін тоқтатты. Жүргізуші автокөлікке екі таныс студент қызды отырғызып, заңсыз өтпек болды. Қыздарды Шұбарқұдық ауылына апармақшы екен. Қыздарға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы, ал жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді. Полиция департаменті қала тұрғындарын қабылданған шектеуге түсіністікпен қарап, тәртіп сақтауды сұрайды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.