Ақтөбеде студенттерге арналған жатақханаларды салу жобасы әлі дайын емес

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасына орай студенттерге жатақхана салу жұмысы алға баспай тұр. Әзірге қай оқу орнының қай жерге жатақхана салатыны белгісіз. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Кеңесте Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, оның ішінде студенттерге арнап жатақхана салу тапсырмасы қаралды. «Облыстық басқармалар мен білім беру мекемелерінің басшыларына қайда және қандай жатақхана салу керектігін анықтау үшін тапсырма берілгеніне бір ай өтті. Өкінішке қарай, нақты нәтиже жоқ. Барлығы өте баяу. Мұндай қарқынымызбен біз жобаларды министрліктерге уақытында бермейміз, құрылыс үшін ақша ала алмаймыз. Аудандарға барған кезімде, тұрғындар жатақхана жеткіліксіз болған соң баласы үшін жалға алынған пәтерге ақша төлеуге тура келетінін айтады. Президенттің бастамаларының бірі осы мәселені шешуге мүмкіндік береді, біз бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, облыста 44 колледж бар. Оның 13-інде жатақхана жоқ. Ал өзге колледждердегі жатақханалар студенттерді баспанамен толық қамтуға мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі кезде колледжерде білім алып жүрген 9 мыңға жуық студенттің тек 2 мыңға жуығы жатақханамен қамтылған. Өзгесі тума-туыстың үйінде, жалға алған пәтерде тұрады. Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеттің 436 студентіне орын жетпейді. Қалған жоғары оқу орындары өздерінің студенттерін жатақханалармен толық қамтамасыз етті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Барлығына арналған тегін кәсіптік және техникалық білім» жобасының сапалы орындалуын, еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескере отырып кадр даярлау қажеттілігін талап етті.