Ақтөбеде су тасқыны кезінде баспанасыз қалған адамдардың алғашқы легі үй сатып алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 5 отбасы үйлі болды. Көктемдегі су тасқыны кезінде олардың баспанасы жарамсыз күйге түскен болатын.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Барлығы 5 үйдің төртеуі Темірбек Жүргенов, ал біреуі Әйке ауылынан сатып алынды. Үй сатып алуға қаржы Болат Өтемұратов қорынан бөлінді. 

- Әйтеке би ауданының әкімдігінде тұрғын үй сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды. Құжатқа қордың өкілдері, Әйтеке би ауданының әкімі, сондай-ақ тұрғын үй сатушысы және болашақ иесі қол қойды. Зардап шеккен тұрғындар баспаналарды өздері таңдады. Олардың талап-тілегі үйдің құрылысын күтпестен, дайын баспана сатып алу еді. 4 отбасыға аудан орталығында, 1 отбасыға Әйке ауылында үй сатып алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, бұл ауданда Щербаков бөгеті бұзылып, тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Әйтеке би ауданының материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясына 133 өтініш келіп түсіп, 46 тұрғынның үйі апатты деп танылды. Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, келесі аптада тағы 15 отбасыға үй сатып алынады.

«Кеше үйімізден айырылып, қалай боларын және не күтетінімізді білмедік. Міне, бізде жаңа үй бар, қалыпты өмірімізге оралып жатырмыз. Біз үйімізді өзіміз таңдадық», - дейді Әйтеке би ауданының тұрғыны Ләззат Жұбатова.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Болат Өтемұратов қоры көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарына 10 миллиард теңге қаржы бөлді.