Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде зардап шеккендердің бір бөлігі қазір Қурайлы, Сазды, Өрлеу ауылдарында үй салып жатыр. Жер телімі мен құрылыс материалдарын иемденген тұрғындар өз қаржысын салып, үйдің аумағын кеңейтіп жатыр. Көбі қабырғасын қалап, шатырын бекітіп алды. Ал кейбірі таяуда ғана жер алған. Бір айдан соң күз келетінін айтып, дабыл қаққан тұрғындар құрылыс материалдарын сұрап отыр.
«Үйіміз суға кетіп, құлап қалған соң кәсіпкер келіп, өзі коттедж саламын деген меншікті жерін сыйға тарту етті. Олжас Жанболатовқа алғысымыз шексіз. Бірақ біз құрылыс материалын алатын қаржы таппай отырмыз. Әкімдікке арыз жазып, көмек сұрадым. Өзім Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істеймін. Компания қиыршық тас, құм беріп, қаржы бөлді. Үйдің іргетасы жартылай құйылды»,- деді үй иесі Мұрамбек Қырқынбаев.
Бұл отбасы туралы көктемде ҚазАқпарат жазған болатын.
Ақтөбе қаласындағы №26 орта мектепті паналаған бір әулеттің 17 адамы мектепті паналаған, пәтер жалдау үшін оларға тек 30 мың теңге берілген еді.
Балалары ауырып, ауруханада ұзақ емделген Қырқынбаевтар аптап ыстықта автобустың темір қаңқасына түнеуге мәжбүр.
«Жаз келіп, күн ысығанымен ылғалды үйімізде тұра алмадық. Балам жиі ауырды. Сөйтіп Қурайлыға келдік. Мұнда жеріміз бар, құрылыс материалымыз жоқ. Әкімдікке жиі барып шағымданып, көмек сұрадым. Кейде шаршап кетіп, бұл дүниемен қоштасқым келеді. Бау-бақша ұжымында тұратын адамдар арасында ондай оқиғалар да болды. Қиналған кезде адам жан-жақтан көмек сұрайды, ықылас танытқан жан болмаса түңіліп кетеді екен. Бір айдан соң күз келеді. Қабырғасын қалап, шатырын бекітпесек қайда барамыз?»,- деді Гүлназым Жолдасова.
Бұл отбасы аптап ыстықта темір күркені паналап, кешкілік телефонның жарығымен тамақтанады. Шыбын-шіркей, масамен де күресе алмайды. Ер адамдар жазда далаға түнеп жүр. Қазіргі уақытта Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендерді бақылайтын комиссия Мұратбек Қырқынбаевтың тұрмысымен танысуға кетті.
«Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нағымжан Алдияров комиссия мүшелеріне Қурайлы ауылына барып, Мұратбек Қырқынбаевпен кездесуге, жағдайды жан-ақты білуге баруға тапсырма берді. Оған «Қолқанат Ақтөбе» қоғамдық қорына арыз жазып, көмек сұрауы қажет екені түсіндірілді, Кейін қор комиссиясы шешім шығарады»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Томчук.