Әкім Хромтау ауданының өңірдегі «Жантізер» ірі мал шаруашылығы қожалығына барып қайтты. Мұндағы 20 259 гектарды құрайтын алқап жемшөптік дақылдар мен жайылымға арналған. Алайда шаруашылықтың суармалы егіншілікпен де айналысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін Ор өзеніндегі бөгетті қайта жөндеу қажеттілігі туындап отыр.
Облыс әкімі аталмыш жобаны іске қосу үшін қаржы қарастыруға тапсырма берді.
Бүгінде шаруашылық ет бағытындағы мал шаруашылығын белсенді түрде дамытып отыр. Осы мақсатта 2011 жылдан бері «Сыбаға» бағдарламасына қатысып келеді. «Жантізер» шаруа қожалығында 2000-ға жуық ірі қара мал басы, асыл тұқымды жылқылардың бірнеше табыны, отар қойлар, 60-тан астам түйелер бар. Шаруашылыққа соғым цехі, 2 мың мал басына арналған мал бордақылау кешені тиесілі. Ет Ақтөбе мен Хромтаудың базарларына жеткізіледі. Келешекте етті Ресейге экспорттау жоспарланған.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің өзге де аудандарында қызметтік іс-сапармен болып қайтты. Абай ауылындағы медициналық нысанның құрылысымен, Дон ауылындағы мектептің жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, Хромтау қаласында «Горняк» стадионында қайта жүргізіліп жатқан құрылысты бақылап қайтты.