Ақтөбеде суға батып бара жатқан баланы құтқарған екі бозбала марапатталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде баланы судан алып шығып, өмірін сақтап қалған екі бозбала марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 жастағы баланы судан құтқарып қалған бозбалаларға төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі берілді.

«Жасөспірімдер абдырап қалмай, шұғыл әрі батыр қадам жасады. Сол үшін де алдымен департамент тарапынан алғыс хат беріп, кейін министрлікке хат жолдадық. Ұсынысымыз қолдау тауып, министр «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін жіберді. Әрі оларды мектеп, колледж бітірген соң Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуге шақырдық», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Асқар Төлешев.

Еске салсақ, Серік Айбар 28 мамыр күні Қарғалы өзенінің жағасында серуендеп жүріп, батып бара жатқан баланы байқаған. Ол бірден суға түсіп, жағаға баланы алып шықты. Сол кезде Бимырза Манасов та көмекке жүгірді. Жасанды тыныс алуға көмектесіп, жүрегіне массаж жасады. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы.