Өңір басшысы Оңдасын Оразалин ХХIV Сурдлимпиада ойындарына қатысқан ақтөбелік спортшылармен және олардың жаттықтырушысы Жанат Қожантаевпен кездесті. Қазақстан құрама командасы қатарында Мұхтар Есенғосұлы, Бексұлтан Малайдар, Ерлан Сүйеуәлиев пен Руслан Орынбасаров бар. Бұл жолы спортшылар Сурдлимпиадаға алғаш рет қатысып тұр. Нәтижесінде еркін күрестен 92 келі салмақта 24 жастағы Бексұлтан Малайдар қола медаль жеңіп алса, 97 келі салмақтағы Мұхтар Есенғосұлы төртінші орынды иеленді.
«Ақтөбелік спортшылар осындай маңызды жарыстарда алда талай жеңіс әкелетініне сенемін. Мұның жүзеге асуы үшін біздің облыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Заманауи спорт нысандары бой көтеруде. Спорт секциялары ашылып, оның дамуы үшін қаржы көздері ауқымды бөлініп келеді. Егер өткен жылы облыста 60 жаңа нысан пайдалануға берілсе, биыл тоқсанға жуық спорт нысанын қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы үстел теннисі орталығы, Футбол академиясы, аудандардағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру және 14 ангарлық типтегі кешен бар. Тағы бір атап өтерлік жайт, Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталықты пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз»,- деді спортшылармен тілдескен облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына әрі қарай кәсіби жетістік пен зор денсаулық тілеп, бағалы сыйлық тарту етті. Бұдан бөлек, қола жүлдегер Бексұлтан Бекайдарға мемлекеттік қолдау ретінде пәтер беріледі.
«Мен Қазақстанның намысын қорғау үшін бар күшімді салдым. Жаттықтырушыма, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт мектебінің директоры Гүлнар Қартановаға алғысымды білдіремін. Ол өте талапшыл, біз одан көп нәрсе үйрендік»,- дейді Бексұлтан Малайдар.
Жаттықтырушы Жанат Қожантаев спортшылардың бір ай тынығып, кейін республикалық және халықаралық жарыстар баратынын айтты.
«Бізде жаттығуға жақсы жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жаңа спорт кешені ашылғанда бұдан да керемет болады. Бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтылатын боламыз»,- деп уәде берді жаттықтырушы Жанат Қожантаев.