Ақтөбе облысында жаз бойы сұйытылған газ тапшы болып, кейін баға бірден екі есеге қымбаттады. Күдік тудырған соң Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеру жүргізді.
«Сұйытылған газды бөлшектер сату нарығындағы 16 субьектіге тексеру жүргізілді. Олардың арасында «Ас Газ Логистика», «Өмір-Газ», «Темір сапа Ақтөбе», «Кепіл Сапа А», «Мұғалжар Газ» секілді ірі серіктестіктер бар. Нәтижесінде газ қою бекеттеріндегі баға өзара келісіммен көтерілгені анықталды. Іс сотқа жіберіліп, Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 14 субьектіні айыпты деп танып, 7,6 миллион теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, 21 миллион теңге монополиялық кіріс тәркіленді»,- деді Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті жетекшісінің орынбасары Сағындық Иргалеев.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, тағы екі мекемеге қатысты әкімшілік іс сотта қаралып жатыр. Газдың бөлшек саудасымен айналысатын компаниялар жазда бағаны 44-45 теңгеге көтерсе, жаңа жылдан кейін сұйытылған газдың бір литрі 50-51 теңгеге жетті.