Ақтөбеде сұйытылған газ тапшы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында сұйытылған газ тапшы. Қаладан бөлек, аудандарда да газ талонмен сатуға шығарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл сұйытылған газ бағасы литріне 50 теңге болып сақталады. Алайда қазір газ тапшығылы сезіле бастады.

«Қазіргі таңда Ақтөбе облысында сұйытылған газға сұраныс 13 500 тоннаны құрайды. Энергетика министрлігі қыркүйек айына тек 10 500 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен Атыраудағы газ өндіретін зауыттарда кезекті жөндеу жұмысы басталған. Сондықтан газ бөлуде шектау бар», - деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Қажеттілікті өтеу үшін бірнеше жолы қарастырылған. Біріншіден, ТШО компаниясымен келісімшарт жасалып, 620 тонна алу жоспарланды. Екіншіден, «ҚазақОйл - Ақтөбе» компаниясымен бірлесіп, қосымша 355 тонна газ алып отыр. Барлығы 11 505 тоннаны құрайды.

«ҚазақОйл - Ақтөбе» компаниясы өндіретін 700 тонна сұйытылған газдың жартысын Қызылорда алып отыр. Зауыт бізде, бізге жетпей жатыр. Бұл уәж айтылды. Бірақ Энергетика министрлігі еліміздің басқа да облыстарына бөлуді жөн көріп отыр. Бүгінгі таңда айдың басында тапшылық болады. Зауыттармен келісімшарт жасау уақыт алатын жұмыс. Сонымен бірге министрлікке ұсыныс айтып, айдың соңында тағы 1 мың тонна алуды жоспарлап отырмыз», - деді Ержан Мұздыбаев.






Фото: images.bfmtv.com