Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанындағы арнайы мониторинг тобының өкілдері көлік инспекциясы, Ақтөбе қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлерімен бірге қоғамдық көлік қозғалысына бірлескен мониторинг жүргізді.
Мониторинг сағат 7:00 мен 9:00 аралығында өтті. Бұл уақытта жұмысқа асыққан адам саны көп, ал автобус аз. Мәселен, қаланың НұрАқтөбе ықшам ауданында 40 мыңнан астам халқы бар. Арнайы мониторинг тобының өкілдері бөлінген бес автобус халық тығыз қоныстанған ауданның азаматтарын тасымалдау үшін жеткіліксіз деп есептейді.
Қазір жұмысқа асыққан тұрғындар лық толы автобусқа мінуге мәжбүр. Бұл инфекцияның таралу қаупін күшейтеді. Арнайы мониторинг тобы мүшелерінің өтініші бойынша қалалық Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі С.Ідіріс тасымалдаушы серіктестік басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Кәсіпорын басшысы бұл ықшам ауданға қосымша автобустар бөлу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін айтып, бас тартты.
«Төтенше жағдайда азаматтарымыздың денсаулығы қандай да бір экономикалық пайдадан маңызды деп ойлаймыз. Кәсіпорын басшылығы осындай қиын уақытта біздің тұрғындарға қолдау көрсетеді деген үміттеміз. Мониторинг қорытындысы бойынша қала әкімдігіне таңғы және кешкі уақытта автобустардың санын көбейту бойынша шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс береміз», - деп атап өтті АМТ басшысы Тәттігүл Талаева.
Өз кезегінде өңірлік арнайы мониторинг тобы тұрғындардан мемлекет белгілеген шектеуді сақтауға шақырады.