Ақтөбеде тау-кен өндірісі дамып, құрылыс материалдары шығарылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында жол картасы әзірленген. Ірі тау-кен өндірісі дамып, құрылыс материалдары шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясы отырысында жол картасы жобасы қаралып, пысықталды.

«2020 жылдың 17 қазаны күні облыстық филиалдың кезектен тыс ХХХ онлайн конференциясында партия филиалының сайлауалды бағдарламасы қабылданып, бекітілген болатын. Сол сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін алдағы 5 жылдыққа арналған жол картасы жасалды. Жол картасының ерекшелігі сол, мұнда облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Алдағы бес жылда өңірді дамытудың тың жоспары осы құжатта толық жазылған», - деді Оңдасын Оразалин.

Жол картасына ірі жобалар енгізілген. Мәселен алдағы бес жылда «AltynEx Company» тау-кен металлургиялық комбинаты, «Ақтөбе цемент» цемент өндіру зауыты, Қарғалы ауданында 48 мВт жел электр станциясы, Мәртөк ауданында 2,8 мың бас ІҚМ арналған сүтті-тауарлы фермасы, Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады. Жол картасы жобасына енгізілген осы және басқа да нақты жобы фракция мүшелеріне партияның облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұлов таныстырды. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарлама халықпен, оның ішінде шалғай елдімекен тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде дайындалды. Праймериз кезінде тұрғындардан 1 мыңнан астам ұсыныс түсті.


«Біз халық пен билікті байланыстыратын буын ретінде халықтың сенімі мен ақ- аманатын арқаладық. Сондықтан да сайлауалды бағдарламаларымызды жүзеге асыру үшін еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік дамуын және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспарымызды жол картасының жобасы арқылы ашық түрде қарауға ұсындық. «Nur Otan» депутаттары, барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етеміз», - деді фракция жетекшісі Ербол Данағұлов.

«Тұрғындармен кездесу кезінде көп мәселе қозғалды, бірнеше ұсыныс айтылды. Қазір әр азаматтың өтініш-тілегі ескеріліп, өңірде бірнеше жоба қолға алынды. Қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салынады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені де бойы көтереді», - деді фракция мүшесі Евгений Лазарчук.