Ақтөбе облысында 7 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Олар Ақтөбе қаласынан өзге Қандыағаш, Шалқар, Алға, Жем, Қарауылкелді және Шұбарқұдық станциялары.
- Қазіргі таңда құрылысшылар вокзал ғимараттарының қасбеті мен ішкі бөлмелерін жаңғырту, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді ауыстыру, күту залдарын абаттандыру, санитарлық тораптарды жаңарту және іргелес аумақтарды көркейту жұмыстарына кірісті. Барлық жұмыстың белгіленген мерзімде әрі сапа талаптарына толық сәйкес орындалуы – тұрақты бақылауда. Мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді толық жаңарту және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау міндеттелді,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осының ішінде Шалқар станциясындағы теміржол вокзалының бір бөлігі жекенің қолына өтіп кеткен. Кәсіпкер ғимараттың бір бүйірін 1997 жылы заңды түрде жекешелендіріп алғанын айтқанымен, қанша қаржы жұмсағанын жарияламады.
- Ол 30 жыл бұрын болды. Жекешелендіру кезінде берді, сол уақытта алдым. Содан кейін оны кері қайтару туралы әңгіме айтылмады. Алса қазір де беруге дайынмын. Қанша теңгеге алғанымды айта алмаймын. Ол уақыт пен бүгінгі жағдай бірдей емес. Сол шақта да аз ақша бермедім. Ғимаратта дәмхана, жазғы дәмхана, сауда орны бар. Өзім Ақтөбе қаласына қоныс аудардым әрі үлкейдім. Ауылда кәсіпті жалғастыратын балам, туысқаным жоқ болып, жалға беріп қойдым,- деді Бибігүл Боранқұлова.
Оның айтуынша, жергілікті әкімдікпен келісіп, қасбетін әрлеу, шатырын жаңарту жұмыстарын жүргізбек, яғни жаңғырту жұмыстары аяқталғанда вокзалды сыртқы қасбетінде өзгешелік болмайды. Ал қазір бір бөлігінде жөндеу жүріп жатса, екінші көбігі көк түске бояулы күйі қалған.
Айта кетейік, Атырауда теміржол вокзалы аумағында жұмыс істеп келген кәсіпкерлер сауда орындарын босату туралы хабарлама алғаннан кейін алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, нысандарды көшіруге небәрі он күн уақыт берілген.