Диагностикалық зерттеу қорытындысы бойынша изоляторда отырған 36 жастағы ер адамнан вирус анықталды.
«Індетке шалдыққан 1984 жылғы ер адам уақытша оқшаулау изоляторында анализ тапсырды. Ал қалған үшеуі науқаспен қарым-қатынаста болғаны үшін медициналық бақылауға алынған болатын. Қазіргі таңда олар облыстық жұқпалы аурулар стационарының бокс палатасына жатқызылды. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті емдік шаралар жасалып жатыр. Індетке шалдыққан адаммен байланыста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары, дезинфекция жүргізілді. Нақтыласақ, бұрын індет жұқтырған адаммен көрші тұрған екен», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ал тағы үш адам бұрын індетке шалдыққан адаммен байланыста болған.
«32 жастағы әйел, 5 және 11 жастағы балалардан да індет анықталды. Олар кеше тіркелген 55 жастағы ер адамнан жұқтырған. Бүгінгісі қызы мен екі жиені. Жиендері ата-әжесіне бірнеше рет қонаққа барған. Төтенше жағдай кезінде біз үйден шықпауға, қонаққа бармауға кеңес берген болатынбыз. Ал тұрғындар құлақ аспай, ауру жұқтырып алып отыр. Кеше провизорлық ауруханада болды, бүгін инфекциялық ауруханаға жатқызылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.