Ақтөбеде төрт ауылдың әкімі сайланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Темір, Хромтау және Ырғыз аудандарындағы ауыл әкімі қызметіне үміткерлердің ең жасы 29-да болды. Барлығы 12 кандидаттың төртеуі әкім болып сайланды.

Фото: freepik

Асылан Жәнібекұлы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ол «Amanat» партиясы атынан ұсынылған. Ауылда 1200-ге жуық адамның сайлауда дауыс беруге құқығы бар. Оның 800-ден астамы өз таңдауын жасады. Нәтижесінде Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының тұрғыны көп дауыс жинады. Оған 493 сайлаушы сенім артты.

Сонымен бірге Хромтау ауданы Құдықсай және Тасөткел ауылдық округтерінің әкімі сайланды. Құдықсай ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне небары 181 азамат енгізілген. Олардың 66-ы дауыс берді. Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Мұрат Талдықбаев 46 дауыс жинап, сайланды. Ол бұған дейін Құдықсай негізгі мектебі директорының орынбасары қызметін атқарды. Ал Тасөткел сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 281 азамат енгізілді және олардың 152-і дауыс берді. «Ауыл» партиясы атынан ұсынылған Асылбек Баймурзин ең көп дауыс жинады.

Темір аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 36 жастағы Раман Рашев Қайыңды ауылдық округі әкімі қызметіне сайланды. Ол бұған дейін де осы қызметті атқарды. Ауылда сайлаушылар тізіміне 417 адам енгізілген болса, соның 252-і Раман Рашевке дауыс берген.

Айта кетейік, осы аптада Ақтөбеде өз-өзіне қол жұмсаған ауыл әкімінің орнына жаңасы сайланады. Сайлау 14-маусымға жоспарланған.