Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем станциясын салуды түрік инвесторлары өз міндетіне алды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында алғаш рет қолға алынған жобаның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен түрік инвесторлары қатысты.
«Әрбір адам үшін денсаулық маңызды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың денсаулығына үлкен мән беріп келеді. Ақтөбеде заман талабына сай медициналық жедел жәрдем станциясының ашылуы соған дәлел. Тұрғындар медициналық көмектің жедел жеткенін қалайды. Соған орай түрік инвесторлары Қазақстанда бірінші рет мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында станция салды. Түрік инвесторлары 5,4 миллиард теңге бөлді. Облыста 32 реанимобиль берілді. Енді станция тек Ақтөбе қаласына ғана емес, облысқа жұмыс істеуі керек. Ең негізгісі - еліміздің жағдайы, тұрмысы. Халықтың денсаулығы жақсарып, халық саны көбейсін»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, 2016 жылы Ақтөбе облысының әкімдігі мен түрік инвесторлары өзара келісімге келді. Нәтижесінде «Алғашқы көмек» ЖШС-і жедел жәрдем станциясын сенімгерлік басқаруға алды. Алқашқы кезде 16 заманауи «Мерседес бенц» реанимобилі жеткізілді. Сонымен қатар, 16 санитарлық автокөлік және 2 диагностикалық көлік әкелінді. Қазір 10 операторы бекітілген CALL-орталығы жұмыс істеп тұр.